Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар денсаулық сақтау нысандарында болды. Аймақтың медициналық қауымдастығымен кездесулер барысында ведомство басшысы саланың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында саланың одан әрі дамуы, денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған бастамалар туралы мәселелерге кеңінен тоқталып, Қазақстанда енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға қатысты жаңа ұсыныстартуралы баяндады.
Бірінші кезекте министр көпсалалы облыстық ауруханаға барды. Өңірдегі ең ірі емдеу мекемесінде мамандандырылған, жоғары мамандандырылған, амбулаторлық-емханалық, шұғыл, жоспарлы стационарлық, стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетіледі. Емдеу мекемесі ең күрделі науқастарға, оның ішінде облыстағы және қаладағы басқа медициналық ұйымдардан келіп түскен пациенттерге көмек көрсетеді
Министр аурухана қызметкерлерінің қандай жетістіктерге талпыну керектігін, халықаралық стандарттарға сай триажды жүйенің қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді. Бұл жүйе науқастарды жағдайының ауырлығына, дәрігерлік көмекке мұқтаждықтың жеделдігіне қарай классификациялауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол барлық медициналық ұйымдарда тез арада ақпараттық жүйелер енгізу қажеттігін атап айтты, Бұл көптеген бизнес-үдерістердің сапасын арттыруға, дәрігерлердің қағазбастылықтан арылуына, пациенттерге барынша көңіл бөлуіне ықпал ететініне тоқталды.
Бұдан соң ведомство басшысы 67 мың адамға қызмет ететін № 2 қалалық емхананың жұмысымен танысты. Учаскелік дәрігерлерге үлкен салмақ түсіп отырғандықтан, электрондық кезекті енгізудің өте маңызды екенін атап өтті ол.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының басшысы 240 төсек орындық облыстық онкологиялық диспансерде болды. Мұнда жоғары мамандандырылған медициналық көмек, әлеуметтік оңалту, паллиативтік қолдау сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан облысында обырды ерте кезеңде анықтау 58,7%-дан 66,1%-ға өскен. Емнен кейін 5 жыл және одан ұзақ өмір сүретін онкологиялық науқастар 47,7% -дан 49,8%-ға өскен.
«Денсаулық сақтау саласындағы индикативтік көрсеткіштер қайта қаралады. Мысалы, онкологияда ауруды тек уақытылы анықтау ғана емес, қатерлі ісік пайда болғаннан кейін бес жыл және одан артық өмір сүретін пациенттердің үлесі де маңызды. Батыс елдерінде мұндай науқастардың үлесі 90%, ал бізде 50% ғана», - деп атап өтті министр онкологиялық орталық дәрігерлермен кездесу кезінде. Онкологиялық орталық ғимаратында министр облыстың медициналық активімен, МӘМС-ті енгізу бойынша ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жөніндегі аймақтық штаб өкілдерімен кездесу өткізді.
Елжан Біртанов Елбасы өзінің биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыруды енгізуге байланысты ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізу, денсаулық сақтауды ақпараттандыру, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу сияқты міндеттер қойғанын атап өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Елбасының биылғы халыққа Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерін орындау мақсатында 5 бастама көтергені белгілі. Ведомство басшысы әрбір бастамаға жан-жақты тоқталып өтті.
Бірінші бастама – денсаулық сақтау жүйесін пациенттердің мүддесіне қарай бріктіру. Бұл алғашқы/профилактикалық деңгейден бастап барлық кезеңдерді қамтитын медициналық көмек көрсетудің біріктірілген жүйесін енгізуді қарастырады. Медицинаны дамыту, дені сау және ұзақ өмір сүру жөніндегі ұлттық бағдарлама қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, саланы цифрлау және ақпараттандыру жөніндегі шаралар өз жалғасын тауып, емханаларға тіркеу ережелері оңтайландырылады, IT мониторинг негізінде АББ жүргізілетін болады.
Екінші бастама – стандарттарды ЭЫДҰ ұсыныстарына сай сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу жоспарланған.
Үшінші бастаманы қазіргі жағдайдағы мемлекеттік ресурстарды тиімді қолдану мәселесіне байланысты. Бұл бағытта денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау жоспарланған. Жеке және шетелдік инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға, ғылым мен медициналық білімді жетілдіруге мән берілмек.
Денсаулық сақтау саласының жетістігін қамтамасыз ету үшін оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Сондықтан төртінші бастама ретінде қаржыландырудың нәтижеге негізделген оңтайлы жүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр.
Сонымен қатар:
- Стационарлық көмекті пайдалану деңгейін төмендету;
- Озық медициналық трансферттерді енгізуді ынталандыру;
- Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бюджетін қажеттіліктерге қарай бөлу;
- Негізгі қорларды, капиталдық шығындарды, медициналық және ақпараттық технологияларға қызмет көрсетуге кететін шығындарды, қаржылық қызметтердің шығындарын есепке ала отырып,тарифтер мен шығындарды қайта қарау жоспарланған.
Бесінші бастама – пациентке есеп беруді және транспаренттілікті қарастыратын жүйені басқару. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқығын бере отырып, корпоративті басқару жүйесін енгізу, қызмет көрсету сапасы мен тиімділігі пациенттің мүддесіне бағыттау мақсатында медициналық қызмет көрсетушілер үшін КPI әзірлеу жоспарланған.
Аталған бастамалардың түпкі мақсаты – медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады.
«МӘМС-ті енгізу – біз үшін ең маңызды міндет. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесі өте өзекті. Бұл азаматтардың қажеттіліктерін ұзақ жылдар бойы қоғам қамтамасыз етіп келді, табыс таппай, салық төлемесе де, барлық әлеуметтік кепілдіктерді басқалармен бірдей пайдаланды. Меніңше, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат үшін бір ғана МРТ-ға кететін 17 мыңды жылына бір мәрте жарна ретінде төлеген тиімді. Ал күрделі оталардың бірнеше миллионға баратынын өздеріңіз де білесіздер»,-деді министр.
Сонымен бірге, ол еліміздегі емханаларға тіркелу науқанын өткізуді тапсырды. Ведомство басшысы алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемеге тіркелу медициналық сақтандыру жүйесіне жасалған алғашқы қадам екенін атап өтті. Азаматтар тек тұратын жеріне қарай емес, көңілінен шыққан емханаға тіркелу кезінде азаматтардың қандай санатқа жататыны анықталуы тиіс.
Е.Біртанов ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен бірге облыстық офтальмологиялық орталықта болды. Заманауи клиника 2014 жылы мемлекеттік серіктестік аясында ашылған. Ол бүкіл аймақ тұрғындарын мамандандырылған, хирургиялық және клиникалық-диагностикалық офтальмалогиялық көмекпен қамтамасыз етіп отыр. Офтальмологиялық орталық мемлекеттік тапсырыс аясында да жұмыс жасап, әлеуметтің осал топтарына көмек көрсетуде. Оталардың басым бөлігі амбулаторлық жағдайда суқараңғылықты емдеуге байланысты. Сонымен қатар емхана облыста бірінші болып көз көру қабілетін лазерлік әдіспен қалпына келтіруді, антикоагуляциялық оталарды қолға алды. Офтальмологиялық орталықтағы әлем бойынша үздік деп саналатын заманауи қондырғылар күрделі оталарды жоғары халықаралық талаптарға сай жасауға мүмкіндік береді.
Көзі материалдық mz.gov.kz